Ақтөбе қаласында 20 қабаттан құлап қайтыс болған жасөспірім қыздың жақындары оның өз еркімен өлімге бас тіккеніне сенбейді. Қазіргі күні тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Үйдің тұңғышы Диана 9 қазан күні алғашқы мүшел жасын атап өткен еді. Ал 17 қазан күні ол Ақтөбедегі 11 ықшамаудандағы 25 қабат үйдің 20-қабатынан секіріп кетті.
Қыз баланың таныстарының бірі оның "Among Us" интернет ойынымен бір жылдан бері әуестеніп жүргенін, тіпті, онлайн-квест тапсырмаларды орындап, басы жоқ денелердің суретін жиі сала бастағанын айтқан. Соған қарамастан, марқұмның әке-шешесі мұндай нұсқаны жоққа шығарып отыр.
Қаралы әке Ерболат Қожақовтың айтуынша, қызының мінезі ашық болған, көркемсурет үйірмесіне барып, гитара тартуды үйреніп жүрген. Қайғылы оқиға болатын күні балконынан секіретін үйде тұратын құрбысымен киноға бармақ болған, алайда аяқ астынан неге бағытын өзгерткені түсініксіз. Ал мектеп бұл кезде карантинде болыпты, оқу 18 қазанда қайта басталуға тиіс екен.
Айта кетейік, қала орталығындағы көпқабатты үш тұрғын үйге тұрғындар үрке қарайтын болған. Себебі бұған дейін де осы жерде бірнеше суицид оқиғасы қайталанды. Өзіне қол жұмсайтындар, негізінен, қаладағы 25 қабатты үйлердің подъездердегі ашық балкондардан секіретін көрінеді.
"Тұрғындар тарапынан бұл учаскелерді жауып қоюды сұрағандар болды. Бірақ ол өрт қауіпсіздігі техникасына қайшы келеді, ол үшін бізге айыппұл салады. Ал үйге кірген кез келген адамнан қалайша күдіктеніп отырасың", – дейді ПИК төрайымы Айғаным Қазымова.
Өз кезегінде бұл жайға байланысты түсінік берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мұндай қайғылы жағдайлардың көбінесе мектептен тыс жерлерде болатынын айта келіп, ата-аналарға баланың мінез-құлқына назар аударып, кез келген күмәнді өзгерістер байқалса, дереу мамандарға жүгінуге кеңес берді.
Әзірге, жасөспірім қыздың мезгілсіз қазасына байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде, оқиғаның суицид немесе жазатайым жағдай екені әзірге белгісіз.
Құралай Қуатова