Ақтөбелік кәсіпкерлер жылыжай бизнесінің тиімділігін түсінді, деп хабарлайды 24.kz.
Ақпарат көзінің дерегінше, 15 жылыжайдың өнімі жергілікті сұраныстың 85 пайызын қамтамасыз етуге жетеді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті. Наурыз айында іске қосылған ең ірі жылыжай кешені өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыруды жоспарлап отыр. Инвестициялық жоба үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асқан.
Жобаны іске асыруға мемлекет қолдау көрсеткен. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасымен инженерлік-коммуникациялық желілері жүргізілген. Кешенді электр қуатымен қамтамасыз ететін дербес станция салынған. Ал агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салатын ірі қаржы институты 4,2 млрд теңге қаражат бөлген.
Әзірге жылыжай жылдық қуаты 6500 тонна өнім өндіруге жетеді. Алдағы бірнеше жылда кешенді екі есеге ұлғайтып, экспорт көлемін арттыру жоспарланған.