Ақтөбеде 61 жастағы ер адамның жұлынындағы ісікті алу операциясы сәтті өтті. Күрделі операцияны жасауға Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов барды, деп хабарлайды 24.kz.
Ақтөбе облысында "Туған жер" республикалық форумы өтіп жатыр. Бұл күндері еліміздің әр түкпірінен жиналған білікті дәрігерлер 25 операция жасап, 60-тан астам шеберлік сағатын өткізеді. Ақтөбеге жиналған ақ халаттылардың бәрі осы өңірдің тумасы. Олар туған жердің дамуына осылай үлес қоспақ. Мысалы, академик Жақсылық Досқалиев Алға аудандық ауруханасында өт жолынан тас алу операциясын жасады. Сонымен қатар облыс орталығында 47 жастағы азаматтың бауырын алмастырды. Ал ақтөбелік дәрігерлер трансплантациялық операцияларды 2014 жылдан бері жасайды. 3 жыл ішінде 30 бүйрек, 10 бауыр ауыстырылған.