2019 жылғы 9 маусым күні қарт адамды жанып кетуден құтқарып қалған ақтөбелік Артем Головня Нұр-Сұлтан қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының клиникасында емделіп, үйіне оралды. Сексен екі жасар көршісін гараждағы өрттен алып шыққан 25 жастағы Артемнің денесінің 60 пайызын күйік шалған болатын. Ол жергілікті ауруханада сегіз ай жатып, терісінің бірнеше жерін қайта жаматқанмен, жағдайы оңала қоймап еді. Дерті қозғалған сайын жанына батып, тек қана етпетінен жататын болған жігіт осы қыста "Қазавиақұтқару" мекемесінің ұшағымен Елордаға жеткізілген болатын.
Анасымен бірге пәтер жалдап тұратын тұратын Артем отбасының жалғыз асыраушысы болған. "Жығылғанға жұдырық" деп, ол аман қалу үшін арпалысып жатқанда әлдебір алаяқтар оның еміне ақша жинаймыз деп халықтан жинаған 1,5 млн.теңге ақшамен қашып кетеді.
Дегенмен, бұл оқиға сәтті аяқталып келеді. Ақтөбелік кәсіпкерлер Мәлік Жауғашев пен Кэралайн Сердалина Артем Головня емделіп келгенше үш бөлмелі пәтер алып беріп, анасына табыстайды.
"Артемді Нұрсұлтан қаласынан тағы да санавиациямен алып келді. Бірақ, хал-жағдайы жақсы көрінді, даусы да ашық-жарқын. Қазіргідей жағдайда оны ауыртып алмайық деп жиі барудан қашып отырмыз, карантиннен кейін міндетті түрде барып тұрамыз. Өзі пәтерді көріп қатты қуанып қалдық. Ендігі алатын ем-домына қаражат жинап бердік", – дейді волонтер Екатерина Голотина.
Құралай Қуатова