Ақтөбелік әскерилер баспаналы болды

746

Ақтөбелік әскерилер баспаналы болды

Ақтөбедегі №6655 және 30238 әскери бөлімдерінің қызметкерлері баспаналы болды. Мерекеге орай бес әскериге пәтер кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады, деп хабарлайды Baq.kz.

Қос мерекеге арналған салтанатты шара №6655 әскери бөлімінде өтті. Әскерилер, ардагерлер және қала тұрғындары жиналды. Әскери қызметкерлер келгендерді жұмысымен, әскери техникаларымен, арнайы киімдері және қару-жарақтарымен таныстырды. Үйретілген иттердің де қызметі түсіндірілді. Сарбаздар мен офицерлерді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтап, алғысын білдірді.

"Бабаларымыздың ерлігін, даңқын жалғастырып келе жатқан Қазақстан Қарулы күштеріне 25 жыл толды. Осы 25 жыл ішінде біздің тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін әскерлеріміз үлкен еңбек атқарып жатыр. Сіздердің ерліктеріңіз бен қырағылықтарыңыздың арқасында халық ертеңі, балаларының болашағы туралы үрейленбейді. Әр азаматтың міндеті – Отанын қорғау, сүю. Отан алдындағы азаматтық борышын ақтау. Сіздердің еңбектеріңіз зор. Өңір халқының бейбіт өмір сүруіне үлкен үлес қосып келесіздер. Сіздерге алғыс айтамын", – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ел тыныштығын қорғаған әскерилерді Ұлы Отан соғысының ардагері Өтеш Жалмағамбет те құттықтады.

"Сарбаздар мен ағайын-туысын Ұлы Отан соғысы ардагерлері атынан мерекелеріңізбен құттықтаймын. Соғыстың аяқталғанына 72 жыл болды. 72 жыл тыныштықта өмір сүріп келеміз. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. 18 жасымызда соғыста болып, қанды қақтығысты көрдік. Бейбіт күніміз мәңгі болсын", – деді ҰОС ардагері.

Отан қорғаушылар күні 5 әскери қызметкер баспаналы болды. "Мінсіз қызметі үшін" төсбелгілерімен және облыс әкімінің Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай "Азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртіпті нығайтудағы қызметі үшін" алғыс хатымен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу