Ақтөбелік фермерлердің мәселесі назардан тыс қалмайды

904

Ауыл шаруашылығы министрлігі 12 желтоқсанда Ақтөбенің "Достық үйі" ғимаратында аймақтағы фермерлер көтерген мәселелерді бақылауға алды.  

Ақтөбелік фермерлердің мәселесі назардан тыс қалмайды

Естеріңізге салсақ, жиынға 70-тен астам фермерлік шаруашылықтардың өкілдері қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін айтқан болатын. Олар мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бойынша берешекті және инвестициялық шығындар жайын көтерген еді.

Бүгінде еліміздің ауылшаруашылық саласын мемлекеттік қолдау бойынша бөлінген қаражаттың көлемі 292 млрд. теңгеге жетті. 15 басым бағыт бойынша 47 субсидия түрлері жұмыс істейді. Саланы субсидиялау бұрын қабылданған АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте АӨК мемлекеттік қолдау қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілетін болады.

Осыған байланысты Үкімет субсидия бойынша өткен жылдардағы берешектерді және биылғы жылдың қосымша қажеттіліктерін жалпы сомасы 78,3 млрд теңгегені жылдың соңына дейін толық өтеу туралы шешім қабылдады. Оның 36,8 млрд теңгесі - сүт, ІҚМ еті, құс еті және жұмыртқа, сондай-ақ етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жоба шеңберінде сатып алынған малға, ал 41,5 млрд теңгесі инвестициялық субсидияға тиесілі.  

Осы төлемдер аясында ақтөбелік фермерлер мал шаруашылығы бағыттары бойынша 3,6 млрд теңге, инвестициялық субсидия шеңберінде 840,0 млн теңге алады.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидия бойынша қарыздың толық өтелетіні туралы БАҚ және жергілікті атқарушы органдардың аймақтық ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы хабардар етілген.

Бүгінде Қазақстанға Чех Республикасынан асыл тұқымды мал ретінде коммерциялық малды жеткізу шарты бойынша "Торговый Дом "КамАгро" ЖШҚ (Татарстан Республикасы) алып келген фактісі тіркелді. Бұл ірі қаралар жалған асыл тұқымды куәліктермен және ветеринарлық сертификаттармен елге кіргізілген. Бір айта кететіні, қазақстандық фермерлер шетелдік өндірушіні өздері таңдаған.

Фермерлердің өтініштеріне байланысты 2019 жылғы 28 қарашада ҚР АШМ делегациясы Татарстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің өкілдерімен және "Торговый Дом "КамАгро" ЖШҚ құрылтайшысымен кездесу үшін Қазан қаласына арнайы барды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі қазақстандық фермерлерге қаражатты толық қайтаруға ат салысу мақсатында "Торговый Дом "Камагро" ЖШҚ қызметіне қатысты қаржылық бақылау жүргізуге, сондай-ақ компанияға қатысты қылмыстық іс пен соттық іс-әрекеттерді қайта жандандыруға көмек көрсететіндерін жеткізді.

Сонымен қатар, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ сот процессі барысында фермерлерге несие бойынша төлемдерді кейін төлеуге рұқсат етілген шаралар қабылдады.            

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу