Ақтөбелік қолөнер шебері былғары бұйымдар брендін қалыптастырғысы келеді

1075

Ақтөбелік қолөнер шебері былғары бұйымдар брендін қалыптастырғысы келеді

Ақтөбелік қолөнер шебері былғарыдан әмиян тіге бастады. Бүгінде жас шебер Артур Мақаштың қорында ондаған портмоне мен кілт, визитка салатын бұйымдар бар, деп жазады "Тілші" газеті.

Әзірге жас шебер былғары бұйымдарын үй жағдайында тігеді. Алдағы уақытта шағын цех алып, сол жерде өндірістік деңгейде шаруасын айналдырмақ ниетте.

"Айналып келгенде, барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Дегенмен, жоспарымыз бар. Бірнеше жігіт болып, Ақтөбенің брендін қалыптастырғымыз келеді. Арнайы атау ойластырып, әрбір былғары бұйымға соны белгі етіп соқтырсақ дейміз. Сөйтіп, Ақтөбеден де жақсы бұйымдар жасауға болатынын дәлелдегіміз келеді", — дейді Артур Мақаш сұхбатында.

Таза былғарыны жас шебер арнайы тапсырыспен алдыртады. Түскен табысының ауқымды бөлігі шикізат материалға жұмсалады. Шаруасын енді бастап жатқан соң, кейбір таныстарына тарту ретінде бере қояды. Ондаған былғары бұйым тігіп, ілімін алған Артур әрбір бұйымның дизайны, стилі ерекше болғанын қалайтынын айтады.

"Кейбір елдерде жеке адамдар теріден портмоне тігіп, саудаға шығарады. Тіпті өз елдерінде кәдімгідей брендке айналып кеткен. Әрине, қолдан жасалған бұйымдар қымбат бағаланады. Оның үстіне, қазір еліміздің көп қаласында, ғаламтор желілерінде ұсынылатын ұлттық былғары бұйымдарының үлгілері бір сарын. Сондықтан, мен де өз ісімде ерекшеліктің болғанын қалаймын", — дейді ақтөбелік шебер.

Болашақта жас шебер облыста өтетін көрмелерге қатысып, өз өнімін көпшілікке ұсынғысы келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу