Ақтөбелік оқушы АЭС-тің шағын макетін құрастырды

196

Жас өнертапқыш инженер болуды және әртүрлі энергия көздерінде жұмыс істейтін құрылғы жасауды армандайды.  

Ақтөбелік оқушы АЭС-тің шағын макетін құрастырды Фото: gosmaket.ru

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі дарынды оқушылар мен ұстаздардың өнертабыстарын, жетістіктерін, сондай-ақ мектеп өміріндегі қызықты оқиғалар жөнінде "100 жаңа есім – 100 новых лиц" айдарын ашты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Алғашқы кейіпкеріміз – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Әлімбетов ауылының 4-сыныбының талантты оқушысы Нұрталап Бақытжанов.

Жас өнертапқыш энергия өндіруге арналған бірегей жоба әзірледі. Оның жұмысы атом электр станцияларының (АЭС) электр энергиясын өндірудегі тиімділігін зерттеуге бағытталған.

Нұрталап құрастырған макет суды қайнатып, 2-2,5 атмосфералық қысымда бу энергиясын алады. Бұл энергия турбина арқылы механикалық энергияға, одан әрі электр энергиясына айналады.

Макет реактор, бу турбинасы, генератор, энергия тарату құбырлары, градирня, суыту бассейні секілді нақты құрамдас бөліктерден тұрады.

"Мен АЭС құрылысын зерттеп, электр энергиясын тиімді өндірудің жолдарын іздеуді мақсат еттім. Әлемдегі АЭС-тің жұмыс принциптері мен құрылымына талдау жасап, шағын макет жасау үшін физика мен космос саласындағы деректерді зерттедім", – дейді Нұрталап.

Нұрталап – "Зерде" ғылыми жобалар байқауының тұрақты қатысушысы. Ол екі жыл қатарынан осы байқаудың облыстық кезеңінде І дәрежелі диплом иеленген.

Сондай-ақ, ол республикалық "Ақбота" зияткерлік олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталған, республикалық "Бастау" математика Олимпиадасында үшінші орын және аудандық "Алтын сақа" математика байқауында 1-орын алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу