Ақтөбелік оқушы балаларға қауіп төнсе, хабардар ететін қосымша ойлап тапты

274

Ақтөбелік оқушы қыз жасанды интеллект жүйесін қолдана отырып, оқушыларға қауіп төндіретіні туралы құзырлы органдарға хабарлайтын қосымша ойлап тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақтөбелік оқушы балаларға қауіп төнсе, хабардар ететін қосымша ойлап тапты Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұ.Құлымбетов атындағы №64 мектептің 10 сынып оқушысы Тұмар Смағұл жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін зерттеп, бірқатар зерттеулер жүргізіп, мектеп оқушыларына төнуі мүмкін қауіп туралы құзырлы органдарды хабардар ететін "NazarAI" қосымшасын әзірледі.

"NazarAI" қосымшасы жасанды интеллект арқылы бейнекамера материалдарын нақты уақыт режимінде өңдейді, адамды танып, оның мінез-құлқын модельдейді және қауіпті жағдайлар туралы жедел хабарлама жібереді. Қосымшаның бірнеше қызметі бар, соның бірі – мектеп табалдырығын аттаған оқушының бет-бейнесін тану және оның ата-анасына баланың оқу орнына қай уақытта түскені туралы автоматты түрде хабарлама жіберу. Хабарламада оқушының аты-жөні мен келген уақыты көрсетіліп, фотосы жіберіледі", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қосымшаның тағы бір функциясы – қауіпті анықтау. Егер зардап шеккен адам қауіп төнген сәтте екі қолын көтерсе, жасанды интеллект бейнеде адам мінез-құлқының компьютерлік моделін жасайды. ЖИ көтерілген қолдың бұрышының градустарын пайдаланып есептеулер жасай отырып, адамға қауіп төніп тұрғанын анықтайды.

Қауіпті анықтағаннан кейін қосымша адамның бейнесін анықтап, ақпаратты ашық Telegram арнасына жібереді. Бұл Telegram арнасында ішкі істер органдарының арнайы бөлімі тіркелген.

"Мектеп оқушысы ғылыми жетекшісі Ербол Қуанышұлымен бірге өз қосымшасын әзірлеуді жалғастырып, оның мүмкіндіктерін тағы да зерделейді", – деп атап өтті әкімдік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу