Ақтөбелік полицей баспанасыз кейуананы қолына алған

1165

Ол бес баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрады екен.

Ақтөбелік полицей баспанасыз кейуананы қолына алған

Ақтөбеде бес баласы бар 42 жастағы Дастан Сұлтанғазиев есімді полицей далада қалған әжейді үйіне кіргізіп алды. Жасы сексендегі Людмила Шевченко келінімен және немересімен бірге тұрады екен. Бірақ, үйінде береке болмай, ұрыс-керіс жиілеген кезде көшеге шығып кетеді. Оны бірнеше рет учаскелік полицейлер тауып алып, үйіне жеткізген. Үй демекші, кейуананың жеке баспанасы да жоқ көрінеді. Оның пәтерін екі немересінің бірі бизнеспен айналыспақ болып сатып жіберген. Бірақ, кейін кәсібі алға баспай, тұралап қалады.

Дастан құқық қорғау органдарында 18 жылдан бері жасайды. Айтуынша, әкесінен ерте айырылып, отбасында жалғыз бала болып өскен. Людмила әжей үйінен тағы да кетіп қалған кездің бірінде ол әйеліне телефон соғып, оны үйге ертіп апаратынын айтады. Бес баламен бір бөлмелі пәтердле тұрғанына қарамастан келіншегі қарсы болмайды. 

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен белгілі болғандай, Людмила Шевченкоға немересі бас тартқан жағдайда әлеуметтік көмекші тағайындалады. Қазіргі күні оған не қарттар үйіне баруға, не пәтер жалдап тұруына болады. Кезінде денсаулық саласында қызмет атқарғандықтан зейнетақысы тәуір саналады екен. Ал келіні мен немерелері қарттар үйіне тапсыруға қарсылық білдірмепті.  

Алайда, қарттың өзі Дастанның үйінде тұра бермек ниетте. Ол бұл отбасыға бауыр басып қалғанын, "әже" деп атайтын балаларды қимайтынын айтқан.

"Мен ерлік жасадым деп ойламаймын. Көпке көмек беру – біздің міндетіміз. Егер мен алып кетпегенде бұл кісі далада қалуы мүмкін еді. Оған жол бергім келмеді", - дейді полиция қызметкері. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу