Ақтөбелік полицейлер арнайы мекемеде жарақат алған азаматтың ісін тексеруге кірісті

327

Бұған дейін 58 жастағы ер адамның туыстары шу көтерген болатын.

Ақтөбелік полицейлер арнайы мекемеде жарақат алған азаматтың ісін тексеруге кірісті Фото: Inbusiness.kz

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жатқан ер адамның бет-аузы көгеріп, сау тамтығы қалмағанын көрген туыстары жарақат ұрып-соққаннан болуы мүмкін деп шағымданған еді. Зардап шеккен азамат – екінші топ мүгедегі, психикалық ауруға шалдыққан. 2010 жылдың 23 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қамқоршылықта болған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал әлеуметтік орталықтың басшылығы пациентті ұрып-соқты дегенді жоққа шығарып, дәретханада құлап қалған деп мәлімдеді.

Қазір облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің "Медициналық көмек көрсетпеу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын ер адам жарақатты қалай алғанын анықтау үшін ғимараттағы 36 бейнекамераның жазбасын қарап, мекеме қызметкерлерінен жауап алып, барлық медициналық құжаттарды қарайтын болады. Кейін тергеу іс-шарасының нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.

"58 жастағы ер адамды кезекші медбике дәртеханадан тапқан. Сол сәтте сол жақ көзінің айналасында жарақат болғанын көреді де, орталық қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Бес күннен соң "іріңді жара, іріңді эндофтальмит" диагнозын қойып, арнайы клиникаға жіберген.

Қараша айының басында жәбірленуші №4 қалалық емханада "линзаның дислокациясы, линзаның сублюксациясы, толық күрделі катаракта" диагнозымен емделген", – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжанов.

Қазір зардап шеккен азамат офтальмологиялық орталықта ем алып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу