Ақтөбелік шаруа 10 үй салып, тегін бермек

1848

"Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың істеген ісін шамалы болса да жалғастырғым келеді", – дейді шаруа Жұмабай Бекмағанбетов. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қарлау елді мекеніне 40 орындық мектеп салып бергені үшін "Парыз" сыйлығын алған. 

Ақтөбелік шаруа 10 үй салып, тегін бермек

Ол туған ауылына қатысты алдағы мақсатын inbusiness.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

"Мен қатардағы шаруамын. Бір істеген жұмысым – 2020 жылы ауылыма мектеп салып бердім. Бастауыш мектебі болып ашылды. Бұрынғы мектеп құлағалы тұрды. Бізбен көрші үш елдімекенде қазір ел қалмады. Мектебі жабылған соң, ауыл да қаңырады. Ол жерлерден өтсеңіз, соғыс болып кеткендей көрініс береді. Жүрегің қан жылайды. Сондықтан өз ауылыма мектеп салуды ойладым. Содан кейін осындай марапат беріп жатыр", – дейді шағын шаруа қожалығының иесі.

Осы ауылда оның шаруа қожалығы бар. Қазақтың ақбас сиыры, мұғалжар жылқысы және еділбай қойын өсіреді. Өзінің айтуынша, 700 бас ірі қара, екі мыңға жуық қой, үш жүзге жуық жылқысы бар. Қоластында 15 жұмысшы жұмыс істейді. 

"Амандық болса, алдағы жылы 10 үй салғым келеді. Ауыл азаматтарына тегін беремін. Егер бастауыш сыныпта оқитын баласы бар адамдар басқа жақтан көшіп келетіндер болса, бір сиыр, 10 қой беремін. Осы байқаудың салтанатты шарасына шыққанымда бір кісі көшіп келетінін айтып еді. Енді елге барған соң сол кісімен сөйлесемін. Мақсатым – ауылымды құлатпау", – дейді ол.

Оның айтуынша, ауыл облыс орталығынан 180 шақырым жерде.

"Аса алыс емес. "Шымкент – Самара" тас жолының бойында орналасқан", – деді Жұмабай Бекмағанбетов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу