Ақтөбе облысында биылғы егін жинау науқанына қажетті техника мен дизель отыны жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шаруаларға дизель отыны нарықтағы бағадан 15%-ға дейін төмен бағамен беріліп жатыр.
Күзгі дала жұмыстарына өңір бойынша 8 мың тонна дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтарға отын литріне 278 теңгеден босатылады.
Дизель отынын облысқа жеткізу тамыз-қараша айларына жоспарланған. Тамыз айына бөлінген отын "АЗС-Лидер" ЖШС операторы арқылы Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізіліп, шаруашылықтарға жөнелтіліп жатыр.
Егін жинау науқанына 600-ге жуық астық жинайтын комбайн, 1 500 трактор, 800-ге жуық трактор тіркемесі және 500-ге жуық жүк көлігін жұмылдыру көзделген.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 316 жаңа техника сатып алынған. Оның ішінде 295 трактор және 21 астық жинайтын комбайн бар.
Биыл өңірде 525 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Оның 435 мың гектарын дәнді, 84 мың гектарын майлы дақылдар, 6 мың гектарын картоп және көкөніс-бақша дақылдары құрайды.
Осылайша, егін жинау науқанын өткізуге қажетті негізгі ресурстар – техника мен дизель отыны жеткілікті көлемде дайындалған.