Ақтөбелік жүргізушілер еңбекақыларын талап етуде

594

Олар көктемгі су тасқыны кезінде көліктерімен су сору жұмыстарын атқарған. 

Ақтөбелік жүргізушілер еңбекақыларын талап етуде Фото: inbusiness.kz

Ақтөбеде елуден астам жүргізуші еңбекақысын ала алмай жүр. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, Ақтөбе қалалық әкімдігі, облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин наурыз айында кездескен сәтте қаражат бөлінді деп түсіндірген.

-  Су тасқыны кезінде уәде берді. Әкімдіктегілер "жігіттер, саспаңдар, тек жұмыс істеңдерші, қаражат төленеді" деді. Біз барлық жұмысты атқардық. Басқалар қанша алуы керек екендігін білмеймін, менің өзім 700 мыңдай ақша алуым керек. Біреулерге аз ақша болып көрінер, бірақ, бұл- менің маңдай термен тапқан ақшам. Төрт балам бар, келіншегім декреттік демалыста отыр. Үйдің асыраушысы – өзім, - деді Амангелді Қойшыбаев.

Су таситын көлік жүргізушілерінің айтуынша, олар наурыз айынан бастап сәуірге дейін су  сору жұмыстарымен айналысқан. Барлығын тындырған соң өздеріне тиесілі ақшаны сұрап қалалық әкімдікке, жауапты адамдарға хабарласыпты. Бірақ, күнде "ертең, ертеңмен" шығарып салған. Амалы таусылған бір топ адам облыстық әкімдікке келді. Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер келесі аптада  қаражат толық төленетінін айтты.

-  Кешегі өткен қалалық мәслихаттың сессиясында тиесілі сома бекітілді. 74 млн теңге бөлінеді. Біз бұған дейін келісім-шарт жасалған серіктестікке 90 млн теңгеден астам қаржыны төледік. Келесі аптада қалғанын толық төлейтін боламыз,- деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу