Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге Ақтөбе облысы әкімінің аппараты да қол ұшын беріп, өңір тұрғындарына көмек көрсету қорына бір күндік еңбекақыларын аударды, деп хабарлайы облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тасқын салдарынан өңірде саяжайлардағы 850 үй мен ауланы су басып, 5 үй қирады. Бау-бақша ұжымы аумағынан 1907 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 71 адам құтқарылды. Адамдарды уақытша орналастыру бекеттерінің тоғызында 792 адам бар, оның 347-сі – бала.
Қала аумағында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған соң, зардап шеккендерге келтірілген шығын мен су басқан аймақта үй тұрғызу заңдылығын анықтайтын арнайы комиссия жұмысын бастады.
19 сәуірде Ақтөбедегі су қоймалары қалыпты жұмыс тәртібіне көшіп, Ақтөбе және Қарғалы су қоймалары тасқын судың құйылуы тоқтауына байланысты пайдаланудың қалыпты тәртібіне көшті. Ақтөбедегі жағдай тұрақты және облыс басшылығының үнемі бақылауында.