Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев Алға ауданында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылған көппəтерлі тұрғын үй кілттерін табыс етті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бес қабатты үйде 60 пәтер болса, оның бесеуі бір бөлмелі, отызы екі бөлмелі, жиырмасы үш бөлмелі, бесеуі төрт бөлмелі пәтер. Пәтерлердің аумағы 31 мен 79 шаршы метр арасында.
Жетім жəне ата-ана қамқорынсыз қалған 12 бала, əлеуметтік жағынан əлсіз топқа жататын 19 жанұя, 18 бюджеттік сала қызметкері, сонымен қатар жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар жеке пәтерге ие болды. Қалған он пəтер бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жалдауға берілді.
Жуырда Алға қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша 60 пәтерлік 5 қабатты үй пайдаланылуға берілмек. Келешекте 120 пәтерлік екі тұрғын үй салу жоспарда бар.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алға қаласындағы орталық стадионда болып, шайбалы хоккейден өткен "Жұлдызды шайба" сайысы мен "Ең үздік мұз айдыны" байқауының жеңімпаз командаларын марапаттады.
Өңір басшысы жарыс жеңімпаздарына дипломдар, сырғытпа таяқтар мен конькилер табыстады.
Үздік мұз айдыны байқауында Тамды, Бестамақ және Сарықобда селолық округтері жүлделі орындарға ие болды. Есет батыр атындағы аудандық дене шынықтыру кешенінің директоры Берік Бақытовтың айтуынша, төрешілер ең алдымен мұздың тегістігін, сонымен қатар, мұз айдынының техникалық жағынан жабдықталуына баға берді.
"Бүгінде ауданның жалпы білім беретін 27 мектебінің барлығында, БЖСМ-де, барлық селолық округтерде мұз айдыны бар. Соңғы екі-үш жылда қысқы спорт түрлеріне көп көңіл бөлініп жүр. Спорттық киімдер, жабдықтар сатып алынды. Өткен жылғы спорттық кезеңмен салыстырғанда нәтиже бар. Қысқы спорт түрлерімен шұғылданғысы келетін балалар саны 30% артты",-деді Бақытов.