Ақтөбенің қоғамдық көліктері жаңа жүйеге көшті

1445

Қазіргі күні 160 мыңнан астам адам кәртішке сатып алған.  

Ақтөбенің қоғамдық көліктері жаңа жүйеге көшті

Ақтөбе қаласында бүгіннен бастап қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізілді. Дегенмен, тұрғындардың кейбірі одан хабарсыз немесе кәртішке алып үлгермеген, сол себепті "көш түзеліп" кеткенше кейбір жолаушыларға бұрынғы белгіленген тарифте жолақы төлеуге рұқсат етілуде, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Сонымен, жаңа дифференцияланған тариф бойынша, 450 теңгеге кәртішке сатып алғандар қалаішілік автобуста 80 теңге, кәртішкесіз 150 теңге төлейді, зейнеткерлерге, оқушыларға жеңілдіктер бар. Қазіргі күні 160 мыңнан астам адам кәртішке сатып алған.

"Бұл ақша айналысының ашықтығы, жолаушылар тасымалы қызметін жақсарту, жолаушылар ағынын дәл анықтау үшін қажет. Сондай-ақ, "Avtobys" мобильді қосымшасы арқылы картаның балансын тексеруге, QR code және Bluetooth арқылы жол жүру ақысын төлеуге және автобустың келе жатқан жерін көруге болады" - деп түсіндіреді Ақтөбе қаласының жол қозғалысы және цифрлық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығының басшысы Әділбек Танкиев.

Жаңа қадам 60-80 пайызға дейін тозып тұрған автопаркті жаңартуға септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, қалада әлеуметтік маңызы бар 29 бағыттағы қоғамдық көлікті қолдау үшін субсидия бөлінбек.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында дифференцияланған тарифті енгізу уақыты тұрғындардың қарсы болуы себепті бірнеше рет кері шегеріліп келген. Десек те, бұл жүйе бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында қолданысқа енгізіліп, тиімділігін көрсетіп үлгерді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу