Әзірше пилоттық жоба ретінде тек №46 бағыттағы автобуста электронды төлем жүйесі орнатылған, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
"Қоғамдық көлік – тұрғындарды жиі мазалайтын мәселе. Әлеуметтік желіде "билет берген жоқ", "уақытылы келмейді" немесе "ерте тоқтап қалады" деп жиі шағымданады. Бүгінде "Aktobebus" мобильді қосымшасы жасалды. Әр автобусқа GPRS-трекерлер орнатылды. Осының арқасында автобустың қай жерде келе жатқанын бақылауға болады", – деді облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы.
Оның сөзінше, қоғамдық көлік мәселесін одан әрі жетілдіру үшін жуырда барлық автобустарда электронды төлем жүйесі іске қосылады.
"Қазір тек №46 бағыттағы автобусқа электронды төлем жүйесі орнатылған. Ол тек пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп отыр. Оның ақаулары мен кемшіліктері анықталып жатыр. Жаз айларының бірінде барлық автобустарға электронды төлем жүйесі орнатылады. Бұл жұмыс облыс әкімінің жіті бақылауында тұр", – деді Ермек Кенжеханұлы.