Ақтөбенің Ойыл ауданында мұнайды іздеу-барлау жұмыстары басталады. Іздеу жұмыстары Ойыл өзені мен Барқын құмы маңында жүргізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында бүгінде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып отыр. Мұнда әйгілі Шығанақ Берсиев тары өсіріп, әлемдік рекорд орнатқан. Қазір Барқын құмында қарағай, терек ағаштары жайқалған орман да бар. Экологтар мұнда тұщы судың мол қоры бар екенін де жасырмайды.
Ақтөбе облыстық экология департаментінен мәлім еткендей, бұл жерде мұнай қоры да болуы мүмкін. Жекеменшік компаниялардың бірі іздеу-барлау жұмыстарына рұқсат алып, барлығы 12 жерде ұңғыма қазбақ.
"Ойыл ауданындағы Барқын құмы аумағында бұрғылау жұмыстарын жүргізу бойынша дайындық басталды. "Ада" компаниясы 10 мемлекеттік сараптаманы алып, Егізқара барлау аумағынан 600, 850, 1450 метрлік тереңдікте бұрғылау жүргізеді. Іздеу-барлау жұмысы Ойыл өзенінен 700 метр, Барқын құмынан 2,5 шақырымда іске асырылады", - деді Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.
Айта кетейік, Ойыл ауданының тұрғындары ауылда барлау жүргізіп, мұнай іздеуге қарсылық білдіріп отыр. Бірақ экологтар тұрғындарды сабырға шақыруда.
"Ол жерде мұнайдың бар-жоғы белгісіз. Сонымен қатар, іздеу-барлау жұмыстары табиғаты ерекше Барқын құмынан қашықта орналасқан. Барлығы 12 жерде ұңғыма қазылып, іздеу жүреді. Тұщы суға ешқандай зиян келмейді",- дейді Жақсығали Иманқұлов.