"Ақтоғайда" шикізатты өндіру уақытша тоқтатылды

1142

Мұнда 2020 жылдың алты айында 19,7 млн тонна кен өндірілген.  

"Ақтоғайда" шикізатты өндіру уақытша тоқтатылды

2020 жылдың бірінші жартысында "Ақтоғай" кен байыту комбинатындағы кен өндіру 19 пайызға азайып, 19,7 млн тоннаны құрады. Дәл бір жыл бұрынғы көрсеткіш 24,2 млн тоннаға тең болған еді. Кен өндірудің төмендеуіне негіз болған нақты себептер бар. Яғни, компания оксид өндірісінде бұрын өндірілген кенді қайта суландыруға деп қойып, шикізатты өндіруді уақытша тоқтатқан. Өндірісті 2020 жылдың үшінші тоқсанында қайта бастау жоспарлануда.

"Негізгі байыту фабрикасын қамтамасыз ету үшін сульфидті кен қажетті мөлшерден артық өндірілді. Өйткені, Ақтоғайды кеңейту жобасы аясында игеру жұмыстары жалғасуда", – делінген "КAZ Minerals" тобының ресми хабарламасында.

Өңдеу көлемінің қысқаруына, кендегі мыс мөлшерінің төмендеуіне және бөліп алу коэффициентінің уақытша төмендеуіне байланысты бірінші жартыжылдықта сульфидті кеннен мыс өндіру 10 пайызға, яғни, 56,1 мың тоннаға дейін (2019 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш – 62,3 мың тонна) қысқарған. Мыс мөлшерінің төмендеуі кен өңдеудің жоғары көлемімен және бөліп алу коэффициентімен өтелмек.

Оксидті кеннен катодты мыс өндіру бірінші жартыжылдықта тұрақты болып қалды. Яғни, 11,5 мың тонна. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш де осы деңгеймен шамалас. (11,8 мың тонна).

Компания өкілдері "Ақтоғай" 120-130 мың тонна көлеміндегі жылдық жоспарды орындауға қауқарлы екенін жеткізді. Десе де, өндіріске COVID-19-ға байланысты үзілістер әсер етуі мүмкін.

Еске сала кетейік, "Ақтоғай" кен байыту комбинаты "КAZ Minerals" тобына жатады. "Ақтоғай" – карьер типтес ірі ауқымды кеніш. Кенішті әлі 25 жылдай пайдалануға болады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу