Бүгін Ақтоғай ауданының әкімі Ағыбай Әмірин қоныстанушыларды құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Осыдан бес жыл бұрын аудан орталығындағы туберкулезге қарсы аурухана жабылып, қаңтарылып бос тұрған-ды. Былтыр оны қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сөйтіп, "Өңірлерді дамыту-2020" бағдарламасы бойынша 97 млн теңге бөлініп, жатақханаға сай етіп жасалды.
Әр бөлмеде жеке ас үй, жуынатын бөлме бар. Бір артықшылығы, су, жылу, кәріз жүйелері тартылған.
"Баспананы пайдалануға беру кезіндегі басты мәселе - жылудың болуы. Біз тұрғындардың қақаған қыста бүрсеңдегенін қаламаймыз. Сондықтан ғимаратты жылытатын қазандықты қалпына келтірдік. Бұл мақсатқа 49,5 млн теңге жұмсалды. Мердігер - "Береке Құрылыс Проект" компаниясы ауланы абаттандырды. Қоныс жайлы болады деген үміттеміз, - деді Ағыбай Әмірин.
Жаңа бөлмелер кезекте тұрған жалғызбасты жандарға, жас мамандарға үлестірілді.