Жаңадан тағайындалған басшыны ұжымға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев таныстырды.
Ақтоты Райымқұлова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандығы бойынша аяқтады.
Халықаралық бизнес академиясында білім алып, DBA (Doctor of Business Administration) дәрежесін алған.
Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор болып еңбек етті.
2014-2016 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2016 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі, 2019-2022 жж. аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметтерін атқарды.
Бұған қоса, Ақтоты Райымқұлова ғылыми еңбектердің авторы, көптеген музыкалық шығармалардың, көркем фильмдерге арналған саундтректердің композиторы болып табылады.