Акушер 30 жылда қанша келіншекті босандырғанын айтып берді

Акушерлік сала күш-қайратты, асқан жауапкершілікті талап етеді.

Акушер 30 жылда қанша келіншекті босандырғанын айтып берді Фото: Inbusiness.kz

Қызылорда аймағында физиологиялық босануды жоғары деңгейде меңгерген, заманауи тиімді перинаталды технологияларды игерген маман жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жұмабекова Гүлзат Жолдасқызы – облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушері, облыстық перинаталдық орталығының ІІІ акушерлік босану бөлімінің акушері.

Жоғары санатты маманның еңбек өтілі – 30 жыл. Бір қызығы, осы уақыт ішінде акушер 10000-нан аса келіншекке ана бақытын сыйлап, осынша баланың кіндік шешесі атанған.

1991 жылы Жезқазған медицина училищесіне оқуға түсіп, акушер мамандығы бойынша "Үздік" дипломмен аяқтаған Гүлзат Жолдасқызы еңбек жолын Қармақшы аудандық денсаулық сақтау бөлімі, әйелдерді емдеу бөлімшесінде акушер ретінде бастаған.

– Акушерлік сала күш-қайратты, асқан жауапкершілікті талап етеді. Сонымен қатар, ең қажетті мамандық дер едім, себебі дүниеге сәбидің келуіне себепші болады. Акушер – анаға қуаныш сыйлап, сәбидің кіндігін кесіп, жарқын болашағына алғашқы тілек айтатын маман. Одан бөлек орталықта акушер-гинеколог мамандар бар, біз – сол мамандардың оң қолымыз.

Жалпы, жыл көлемінде облыс бойынша 4 рет мониторингке шығып, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен жүкті, босанған және босанушы әйелдер мен балаларға шұғыл көмек көрсеттік, – дейді бас акушер.

Қызмет бабында Гүлзат Жолдасқызы Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында бірнеше рет білімін жетілдірген. Медициналық мекемелердегі акушерлік шұғыл жағдайлардағы көрсетілетін алғашқы көмекке байланысты соңғы хаттамаларды тәжірибеге енгізіп, жаңадан келген жас мамандарды дайындауға да өз үлесін қосады. Облыс көлеміндегі акушериялық көмекті жоспарлап, ұйымдастыру жұмысының сапасын бақылап ғана қоймай, акушерлерге кеңес беріп, практикалық көмек көрсетеді.

Кейіпкеріміз биылғы жылдың маусым айында ғана Әйел мен балаға көмек көрсету сапасын бағалау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комиссия құрамымен Абай облысына жұмыс сапарымен барып, тәжірибе алмасып қайтты.

- Облыстық перинаталдық орталығы – ана мен балаға көмек көрсету ісінде алғашқы тәжірибе алмасудың да орталығы саналады. Облыстағы барлық ауданнан келген мамандарды дайындаймыз. Ауыл-аймақтан тәжірибе жинауға келген кадрларды оқытамыз, білгенімізбен бөлісеміз. Әлбетте, қызмет сапасы осал аймақтарға баса мән береміз, - дейді Г.Жұмабекова.

Жас акушерлерді еңбекке баулып, үйретуден еш жалықпайтын ол "елдің ыстық ықыласы, алғаусыз алғысы жұмысқа деген жауапкершілікті, қызығушылықты одан сайын арттырады" дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу