Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы саласын кезең-кезеңімен цифрландыруды жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жүйе балық пен балық өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттарды беруге қатысатын мемлекеттік органдардың ақпараттық қорларын өзара байланыстырады. Негізгі мақсаты – заңсыз өнім айналымының алдын алу.
Бүгінгі күні "E-Fish" жүйесінде балық шаруашылығы және аквамәдениет саласындағы 1196 субъект тіркелген. Бұл олардың жалпы санының 95 пайыздан астамын құрайды.
Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесін "E-Fish" жүйесімен ықпалдастыру нәтижесінде белгіленген аулау квоталары мен балық өсіру көлемдері асқан жағдайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеуге тосқауыл қойылды. Жүйені енгізудің арқасында балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарды.
"Аквамәдениет туралы" Заңды іске асыру аясында 2027 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені енгізу көзделген. Оны қолданыстағы "E-Fish" жүйесінің негізінде "Аквамәдениет" атты жеке бөлім құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені жүргізу қағидаларының жобасы әзірленіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Әділет министрлігімен келісілді.
Жаңа жүйе аквамәдениеттің дамуын бақылау мен талдауды қамтамасыз етеді, сала субъектілерінің тізілімін қалыптастырып, жүргізеді, сондай-ақ қажетті деректерді жинау және өңдеу мүмкіндігімен аквамәдениет нысандарын есепке алуды, қадағалауды жүзеге асырады.