"Ақыл-ой кемістігі бар": Жаркентте баласын байлап сабаған отбасы туралы шындық ашылды

Ерлі-зайыптылардың екеуі де – Жаркент қаласының облыстық №4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі. 

"Ақыл-ой кемістігі бар": Жаркентте баласын байлап сабаған отбасы туралы шындық ашылды Фото: Бейнежазбадан

Әйел ата-анасынан жетім болса, күйеуінің ата-ана қамқорлығынсыз қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын жылу батареясына байлап, аяусыз соққан әйелдің жасы – 28-де, ал күйеуі 30 жасқа толған. 

– Ерлі-зайыптының жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Бұл отбасыны полиция қызметкері 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында Отбасын қолдау орталығына жеткізді. Балалар медициналық тексеруден өткізілді. Анасы полиция бөлімшесінде қалды, – деп мәлім етті қалалық әкімдік мамандары. 

4 және 2 жастағы балалар Жаркенттегі "Жанұя" отбасылық қолдау орталығына орналастырылған. 

– Балалар қорқып, жасқанған жоқ. Ойнап кетті. Анасының көзінше өздерін қалай ұстайтынын білмедік, бізге келгенде еш мінез-құлық көрсетпеді, – дейді орталық қызметкерлері.

Бүгінде баласын ұрып-соққан әйелге қылмыстық іс қозғалып отыр. 

– Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданады, – деп хабарлайды Жетісу облыстық полиция департаменті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу