Ақылбек Камалдинов ИЫҰ өкілдерімен кездесті

711

Ақылбек Камалдинов ИЫҰ өкілдерімен кездесті

17 ақпан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов елімізде тіркелген Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттер дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Кездесуде шетелдік дипломаттар 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ғылым және технология жөніндегі Бірінші ИЫҰ Саммитіне дайындық барысымен таныстырылды.

Саммитті шақыру бастамасын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы сәуірде Ыстанбұлда өткен 13-інші ИЫҰ Саммиті аясында жария етті. Бұл шара ғылыми және технологиялық әлеуетті дамыту саласында мұсылман қауымының күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Астана саммитіне Ұйымға мүше барлық мемлекет (55 ел), сондай-ақ байқаушы мемлекеттер мен бірқатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымның бірінші жетекшілері шақырылады. Саммит қонақтарының 10 қыркүйекте "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми жабылу салтанатына қатысуы да күтіліп отыр.

Қазақстан – 1995 жылдан бері ұйым мүшесі. 2011-2012 жылдары ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясына төрағалық етті. Оның барысында штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын көтерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу