Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев көлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын норманы қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ардақты ағайын, көлік туралы айтқанда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген талаптан аттап кете алмаймын. Бұл 20 жылдан астам уақыт бұрын Үкімет бекіткен шешім. Бірақ аталған қаулының қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр. Қоғам да қатаң сынға алды. Қақаған қыста автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған азаматтарды қазір біреулер бейнетаспаға түсіріп, салдарынан құзырлы орындар айыппұл салып жатыр", – деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат бұл ақылға сыймайтын шешім деген пікірде.
"Сарышұнақ аязда көлікті қыздырмасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын баяғы бұқара халық. Бұл турасында бір ғана ұсыныс бар, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керек. Көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтіндер болса алдымен ауаға тонналап зиянды қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекелерді тәртіпке салып алсын", – деді мәжілісмен.