Жыл басынан бері Қазақстанның ақылы автомобиль жолдарында жылдамдық режимін бұзудың 661 мыңнан астам дерегі тиісті жүйеге жолданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 518 мыңнан астамы орташа жылдамдықты асыруға қатысты.
Қазір ақылы жолдарда жылдамдықты бақылаудың екі тәсілі қолданылады. 11 учаскеде көліктің орташа жылдамдығы бақыланады. Жүйе көліктің жолдың белгілі бір бөлігін қанша уақытта жүріп өткенін анықтап, соның негізінде орташа жылдамдығын есептейді. Бұл бақылау тәсілі 2025 жылы енгізілген.
2026 жылғы 1 қаңтардан 14 қыркүйекке дейін орташа жылдамдықты бақылау нәтижесінде 518 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі жолданған. Бұл жылдамдықты асыруға қатысты барлық деректің шамамен 78 пайызын құрайды.
Сонымен қатар 23 ақылы учаскеде белгіленген жылдамдықты асыру деректері тіркеледі. Бұл жағдайда көліктің жылдамдығы нақты бақылау аймағында өлшенеді. Жыл басынан бері осындай 143,2 мыңнан астам дерек тіркелген.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жылдамдықты бақылаудың негізгі мақсаты – қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, ауыр жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту.
Компания жүргізушілерді жылдамдық режимін камера орнатылған жерлерде ғана емес, бүкіл бағыт бойында сақтауға шақырды.