Қазақстанда 13 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр биыл автомобиль жолдары бойынша 13 мың шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын атап өтті. Республикалық жолдардың 93%-ы нормативтік-техникалық жағдайға сай.
Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін аяқтау жоспарланып отыр.
"Автожолдардың тиімділігін арттырудың негізгі факторы – цифрлық шешімдер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar шеңберінде жолдардың цифрлық төлқұжаттары қалыптастырылады. Бұл болашақта пилотсыз автокөліктерді енгізуге мүмкіндік береді", – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, жыл сайын жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жол диагностикасы жүргізіледі.
Жол төсемін сақтау үшін 220-ға дейін автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жұмыстары жалғасуда. Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында Республикалық маңызы бар жолдарда ақылы учаскелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Бүгінде ақылы жолдарда енгізілген KazToll жүйесі арқылы 79 млрд теңге жиналды.