Ақылы жолдардан түскен ақша қайда жұмсалды

826

Бір жыл ішінде барлық ақылы учаскелерден 10,5 млн автокөлік жүріп өткен.

Ақылы жолдардан түскен ақша қайда жұмсалды

Бүгінгі күні елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы учаске бар. Бұл Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы- Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдары. 2019 жылдың қорытындысы бойынша төрт ақылы учаскеден 5 389 млн теңге көлемінде қаражат жиналды, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі.

"Нұр-Сұлтан-Теміртау" жолынан – 1 729  млн теңге, "Нұр-Сұлтан-Щучинск" жолынан – 1 700 млн теңге, "Алматы-Қорғас" жолынан – 988 млн теңге және "Алматы-Қапшағай" жолынан 972 млн теңге жиналған. Бір жыл
ішінде (2019 жылы) барлық ақылы учаске бойынша 10,5 млн автокөлік жүріп
өткен.

"Автомобиль жолдары туралы" Заңына сәйкес: Жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін ақы алудан түскен ақша: 
1) ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) жөндеуге және күтіп-
ұстауға, жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін күтіп-ұстауға;
2) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізу және
орнату мақсаты үшін тартылған инвестицияларды қайтаруға;
3) автомобиль жолдарында (жол учаскелерінде) ақылы қозғалысты
ұйымдастыруға;
4) ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) күтіп-ұстау үшін жол-
пайдалану техникасын сатып алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталған.

Осылайша, жиналған 5 389 млн теңге және 77,8 млң теңге көлеміндегі қосымша табыс төмендеглерге жұмсалды:
- 2 690,1 млн теңге – автожолды күтіп-ұстау және жөндеуге;
- 1 401,3 млн теңге – бағдарламалық-аппараттық кешенді күтіп-ұстауға;
- 594,6 млн теңге – қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс
салығына;
- 14,2 млн теңге – қосымша шығындарға;
- 543,4 млн теңге – жол-пайдалану техникасы мен төлем қабылдау
пунктіне қажетті жабдықтарға;
- шығыннан артылған 223,2 млн теңге көлеміндегі қаражат
республикалық бюджетке аударылды.

2019 жылы бағдарламалық-аппараттық кешенді жөндеу және күтіп-ұстау,
сондай-ақ, "Нұр-Сұлтан-Щучинск" ақылы автожолын жөндеу және күтіп-ұстау
бойынша жұмыстарды "Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясы" филиалы жүргізді. Ал, "Нұр-Сұлтан-Теміртау", "Алматы-Қапшағай" және "Алматы-
Қорғас" учаскесіндегі жұмыстарды "Қазақавтожол" ЖШС мердігер ұйымы
жүзеге асырған.

Ақылы учаскелердегі төлемақы мөлшері Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен, автокөліктің жүк көтергіштігіне байланысты бекітілген. Өткізу пунктінде кептелісті болдырмас үшін алдын-ала төлем жүйесі енгізілген. Жеңіл автокөліктер үшін арнайы дифференциалды тариф те бар. Яғни, алдын-ала төлем жасаған автокөліктердің төлемақысы екі есе арзан. Сондай-ақ, ақылы автожолдың маңайындағы елдімекендерде тіркелген автокөліктерге құны 1000 теңгені құрайтын 1 жылдық абонемент қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу