Ақын Темірхан Медетбек дүниеден озды

200

Түнде Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Темірхан Медетбек ақтық сапарға аттанды, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Ақын Темірхан Медетбек дүниеден озды Фото: Егемен

Соңғы аптада Темірхан Медетбектің ауыр хәлде ауруханаға түсуіне байланысты отбасымен, дәрігерлермен Жазушылар одағының басшылары үнемі хабарласып тұрған.

Жақында ақынның 80 жылдығы атап өтілген болатын.

Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) филология факультетінде оқыған.

1968-2002 жылдары Радио мен телевидениеде, әртүрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болды, 2003 жылдан "Ақиқат" журналының бас редакторы.

Алғашқы жыр жинағы "Жанымның жас құрағы" деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан астам өлең жинақтары жарияланып, оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды.

"Абай әлемі" (1995) және "Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар" (2001) атты әдеби-сын еңбектерінде қаламгер Абай әлемінің поэтикалық тереңдігін, қазақ мәдениетінің даму сипатын саралап, ақындық психологияның ішкі болмысына баға берді.

Қазақ поэзиясының түркілер кезеңінен қалыптасқан романтикалық-реалистік өршіл сарынын өзіндік көркемдік шешім аясында жаңашыл туындыларымен байытты.

"Көк түріктер сарыны" атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған, ақын көне түрге жаңа мазмұн сыйдырған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу