Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беру барысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ұлттық құндылықтарға, ұлт руханиятына қатысты Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте еліміздің мәдениетін сақтауға және дамытуға зор үлес қосқан аса дарынды шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалады. 2022 жылдан бері "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығы (7 номинация бойынша әр сыйлыққа 5 млн теңге қарастырылған), "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі, – деп нақтылады Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтың сөзінше, әдебиет саласында жоғары шығармашылық жетістіктерге жеткен қаламгерлерге "Қазақстанның халық жазушысы" құрметті атағы қайта берілмек.
– Мемлекет тарапынан қаламгерлерге қаламақы төлеу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қаламақы мөлшері – 2025 жылы 1 авторлық параққа (22-23 бет) 510 мың теңге. Сонымен қатар, "Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" жобасы аясында 20 жас қаламгерге грант (әр грант иесіне 5,1 млн теңге қаражат қарастырылған) тағайындалады, – деді Премьер-министр.