Банктердің көпшілігінде беріктік қоры жеткілікті. Бұл оларға экономиканы кредиттеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бүгін үкімет отырысында айтып берді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Ол қадағалау өкілеттіктерін күшейту және тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу бойынша заңнамаға тиісті түзетулер үкімет пен парламенттің қарауына жіберілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бағалы қағаздар нарығының тартымдылығын арттыру шеңберінде үкіметтің және Ұлттық банктің қор нарығын дамыту жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылуда.
"Эмитенттердің қор нарығына шығу рәсімдерін және бөлшек инвесторлар үшін сауда-саттыққа қол жеткізуді жеңілдету, брокерлердің қызметін едәуір ырықтандыру және банк холдингтерінің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту Қазақстан қор биржасында бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жандануына алып келді", - деді Ақышев.
Данияр Ақышев қорытындылай келе, сақтандыру нарығын дамыту үшін парламенттің қарауында жатқан тиісті заң жобасының әзірленгенін айтып берді.
"Жобада электрондық нысанда сақтандыру полистерін енгізу және сақтандыру қызметтерін интернет арқылы көрсету, туристік фирмаларды сақтандырудан туристерді тікелей сақтандыруға өту, міндеттелген сақтандыруды енгізу, сондай-ақ сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту көзделеді", - деді бас банк басшысы.