"Ақжайық" резерватындағы өрт сөндірілді

693

Ыстың исінен мазасы кеткен көршілес Ресей аудандары келесіде көмек көрсетпек.

"Ақжайық" резерватындағы өрт сөндірілді Фото: azh.kz

Атыраудағы "Ақжайық" резерватындағы 3 қыркүйекте басталған өрт 10 қыркүйек күні кешкі сағат 18:55-те толықтай сөндірілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұтанған сегіз өрт ошағының жалпы аумағы 1 га жерді құраған. Ал тілсіз жаудың біразға дейін ауыздықталмау себебін аталған қызмет өкілдері биіктігі 2,5-3 метр болатын қамыстың басқа жерге ұшып, астынан бықсып жана беретінімен түсіндіреді. Сөйтіп, былай қарағанда, тып-тыныш тұрған қамыс қаттырақ жел тұрғанда қайтадан өршіп кете береді екен. 

Облыстағы барлық техника жұмылдырылып, Шымкент қаласынан тікұшақтан алдырылып әрең өшкен резерват өрті басқа түгіл, көршілес Ресей Федерациясының іргелес аудандарында тұратындардың да қытығына тиген сыңайлы. Осы айдың басында ол өңірлерден ауадағы ыстың исіне шағымданғандар жиілеп кетіпті. 

"Тек соңғы тәуліктерде Астрахан облысы  шұғыл қызметінің бірыңғай 112 нөміріне күйік иісіне қатысты 87 шағым түсті. Космостық спутник оның Қазақстан аумағындағы Каспий жағалауында өртеніп жатқан қамыстан келгенін анықтап отыр. Егер болжанып отырған жел шығыстан және оңтүстік-шығыстан соқса, күйік иісі Астраханда Володар, Краснояр және Приволжье аудандарында түнгі және таңғы уақыттарда қатты сезілуі мүмкін", – деп хабарлайды ТЖМ Астрахан облысы бойынша бас басқармасының баспасөз қызметі.

Осыған орай Ресейдегі Астрахан ауданының губернаторы Игорь Бабушкин Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке хабарласып, Ресей төтенше жағдай қызметінің Қазақстан аймағында болып жатқар өртті өшіруге көмектесе алатынын жеткізген. Ол үшін жергілікті әкімдік РФ сыртқы істер министрлігіне ұсыныс жолдауы керек екен. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу