Қытайда істі болған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап хат жазды. Анасының сөзінше ол бірнеше жыл көрмеген қызымен 3 қыркүйек күні Гуанчжоу қаласындағы сотта кездескен. Судья екеуіне 15 минуттық тілдесуге рұқсат беріпті. Ақжарқын Тұрлыбай өзінің еш қылмыс жасамағанын айтып отыр.
"Қызым нақақтан-нақақ 6 жыл бойы жат елдің түрмесінде қамауда отыр. Ал еліміздің ішкі істер министрлігі қажетті шараларды қолданбай отыр" дейді анасы.
"Құрметті Президент! Сыртқы істер министрлігіндегі көп жылдық тәжірибеңізге орай мәселені өз бақылауыңызға алып, қызымның елге оралуына көмектесуіңізді сұраймын",– делінген хатта.
Еске сала кетейік, отандасымыз 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында ұсталған. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі оның жол сөмкесінен 4 жарым келі есірткі затын тауып, қамауға алған. Ал 2016 жылдың 7 сәуірінде апелляциялық сатыдағы сот оны есірткі контрабандасымен айналысты деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырған. Кейін ол үкім күшін жойды.