Қазақстан Ұлттық банкі "Банкноталардағы портреттер" сериясынан Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023 жылғы 8 желтоқсаннан бастап монеталар kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылады.
"Жаңа монеталар 1993 жылғы үлгідегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноталарының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған. Онда көрнекті тарихи тұлғалар – ғалым Әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым әрі этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын әрі философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай бейнеленген", - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, 2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шықты. Коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отыр.