Түркіменстан президенті алабай тұқымдас иттерді әскери қызметте пайдалану үшін мамандандырылған орталық құруды тапсырды, деп хабарлады centralasian.org
Президенттің жарлығы елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде жарияланған. Түркіменстанның Қорғаныс министрі Яйлым Бердыев алабайлардың қатысуымен қылмыскерлерді құрықтауға арналған арнайы оқу-жаттығу өткізгендерін хабарлады.
Қорғаныс министрі иттің аталған түрі жаттығу кезінде "ерекше мінез көрсетті" дейді. Бірақ кейбір сарапшылар алабайдың әскери мақсатта пайдаланудың тиімділігіне күмән келтіреді.
"Алабай мұндай мақсатқа өте тиімсіз. Бұл совет заманы кезінде дәлелденген. Мысалы алабайды овчарканы (қасқыр тектес иттің бір түрі) шақырғандай, "бері кел" деп меңзей алмайсың. Оны мәжбүрлеп адамды тінтуге жұмсау мүмкін емес", - дейді "Янардаг" халықаралық орталығының жетекшісі Гельды Кяризов. Ол Түркіменстан билігі алабайды тек мақтану үшін пайдаланбақшы деп түсінеді.
Алайда түркіменстандық баспасөз тарихта алабайды әскери мақсатта пайдаланғаны жөнінде мақалалар басып жатыр.
2017 жылдың қыркүйек айында Түркіменстанда өтетін Азия ойындарының белгісі алабай иті болмақ.