Вице-премьер Нұрлан Байбазаров отандық IT-компаниялармен стартаптарды қолдау шараларын талқылады.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркін аралап, оған қатысушылармен кездесті. Сонымен бірге бірқатар отандық инновациялық жобалармен танысты.
Astana Hub IT бизнес үшін экожүйені құру және дамыту, IT мамандарын даярлау әрі стартап жобаларды қолдау бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр.
Бүгінгі таңда технопаркте 1,5 мыңға жуық IT-компания тіркелген, оның 400-ден астамы шетелдіктердің қатысуымен.
Мысалы, Аlaqan стартапы – алақан тамырларын тану арқылы контактісіз төлем жүйесі. Нарықтағы жоба 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 3 өнімге ие: Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR. Alaqan жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру және 300 мың доллар инвестиция көлемі бар.
Тағы бір тың жоба – NeuronOil. Бұл машиналық оқытумен ұңғымааралық сандық моделдеуді қолданатын мұнай кен орындарын игерудің веб-тренажері.
Технология жоспарланған өндіріс көлемін сақтай отырып, шығындардың өсуінсіз күнделікті мұнай өндіруді арттыруға немесе шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.