Абай облысының әкімі Берік Уәли Алакөл жағалауын абаттандыру және туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндады.
Биыл туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалаудағы шамамен 5 шақырым көше жолына асфальт төселді. Осындай көлемдегі жұмыс өткен жылы да атқарылған. Осылайша соңғы екі жылда жағалау маңындағы 10 шақырым жол жаңартылды. Сонымен қатар ұзындығы 5 шақырым велосипед жолы жөнделіп, жарықтандырылып, қайта боялды.
Алакөл мен Қабанбай ауылының арасы жақын болғандықтан, демалыс аймағына мал кірмеуі үшін жағалаудың 11 шақырымы қоршалды.
Биыл жағалауды жарықтандыруға ерекше көңіл бөлініп, 450 жарық бағаны орнатылды. Нәтижесінде жағалаудың 4 шақырым аумағы толық жарықтандырылып, бұған дейін жарық болмаған бірнеше көшеге де электр желісі тартылды.
Жазғы маусымда қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Алакөл жағалауында 57 полиция қызметкері қызмет атқарады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 қызметкерге көп.
Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жағалауға 49 санитарлық торап, 35 душ кабинасы, 75 киім ауыстыратын орын, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жәшігі орналастырылуда. Сонымен қатар Жаңа Арбат аумағында қоршаулар орнатылып, қосымша санитарлық тораптарды инженерлік желілерге қосу жұмыстары аяқталуға жақын.