Бұған дейін тұрғындар тарапынан Алакөл жағалауындағы Арбаттың жағдайына байланысты сын көп айтылып келген еді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір Арбат жаңартылып, бояу, сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек жағалаудағы ескірген темір жақтаулар да толық ауыстырыла бастады.
"Биыл жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді. 10 модульді, 15 биодәретхана, 40-тан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылады. Қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Жағалауды нығайту үшін пирс және қалқыма орнатылады", - дейді Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин.
Туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Мұнда 100 адамға арналған сауда-саттық орындары қарастырылмақ. Атап айтқанда, үлкен сахна, субұрқақ салынып, тұрғындар серуендейтін арнайы алаң болады.
Қазір жерді тегістеу, керамикалық тақтайшаларды төсеу және қоршау орнату жұмыстары басталған. Қоғамдық кеңістік құрылысы 1 шілдеге дейін аяқталады.
"Осыдан екі ай бұрын Алакөлге арнайы келіп, қажеттіліктерді біліп, барлық мәселемен танысқан болатынмын. Халық көп келетін туристік аймақта 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 млн теңге қаржы бөлдік. Суға түсу маусымы ашылғанға дейін жұмысты сапалы аяқтауымыз керек", - деді облыс әкімі Берік Уәли.
Жазғы демалыс маусымында Алакөл жағалауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40 полиция қызметкері жұмылдырылады. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілікке тартылып, өрт сөндіру көліктері жұмыс істемек.