ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 4 шілде күні 23:20-да Үржар ауданында Алакөл жағасындағы "Керуен" демалыс базасынан өрт шыққан. Аталған базадағы екі ғимарат, бір кір жуатын орын мен жеті саяжай отқа оранды.
"Сондай-ақ, тілсіз жау "Әйгерім" демалыс базасында – 4 үйді, "Жібек жолы" базасының аумағында – үй мен моншаны, "Әлихан" базасында – 8 ғимарат пен асхананы шарпыды. Өрттің неден шыққаны әлі белгісіз. Мамандар өрттің себебін анықтау үшін тиісті жұмыстарға кірісті", - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта Алакөлдегі алапат өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алакөл жағалауындағы 3 мың шаршы метрге жайылған өрттен 7 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.