Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада паромның кері қозғалыс кезінде егде жастағы әйелді басып кеткені көрсетілген. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккен әйел жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр.
Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасы әйелдің ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілгенін хабарлады. Дәрігерлер оған ауыр көпсалалы жарақат, сол аяқ-қолының толық ампутациясы және оң аяқ-қолының ішінара ампутациясы диагнозын қойған. Сонымен қатар, науқаста көп мөлшерде қан жоғалту, травматикалық шок, сыртқы қан кету, ауыр гемодинамикалық тұрақсыздық және қан қысымының күрт төмендеуі тіркелген.
Дәрігерлер шұғыл консилиум өткізіп, өмірін сақтап қалу мақсатында жедел операция жасаған. Операция барысында екі аяққа да санның төменгі үштен бір бөлігі деңгейінде ампутация жасалып, жарақаттанған тіндерге алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілген.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Ол тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиғаға байланысты полиция шағын су көлігі иелерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе халық көп жиналатын демалыс орындарында су көліктерін пайдалану кезінде ерекше сақтық таныту қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ, демалушыларға да судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, абай болу жөнінде үндеу жасалды.