Өткен жылы Алакөлде құлаған дельтаплан иесіне айыппұл салынып, жеңіл ұшақ тәркіленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, "Достық" көлік прокуратурасы "SKYPPER 912" дельтаплан иесінің заң бұзушылықтар жасағанын анықтаған. Ол тиісті рұқсатсыз демалушыларға Алакөл үстінде ақылы ұшуды ұсынған. Аталған техника өткен жылы көлге құлап, салдарынан екі адам жарақат алды. ҚР ҚК - нің 344-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған еді.
Прокуратураның бастамасымен Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында кәсіпкерді әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесі қаралды.
– Сот дельтаплан иесін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 563-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тапты. Оған 55 380 теңге айыппұл салынып, ұшу аппараты мемлекет пайдасына тәркіленді, – деді Бас көлік прокуратурасы.