Жетісу облысындағы Ақши ауылы маңындағы Алакөл көлінде құтқарушылар техникалық ақауға байланысты суда қалған адамға жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 1985 жылы туған азамат катермен көлде демалып жүрген кезде жүзу құралы істен шығып, өздігінен жағаға орала алмаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар азаматты қауіпсіз түрде жағаға жеткізіп, ақауы бар катерді сүйреп шығарды. Зардап шеккен адамға медициналық көмек қажет болған жоқ.
ТЖМ азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар суға шығар алдында катер мен өзге де жүзу құралдарының техникалық жарамдылығын мұқият тексеріп, міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажет екенін еске салды.