Анасы мен қызын ҚР ТЖМ Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жағаға алып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаралы оқиға 1 шілде күні Алакөл көлінің жағалауында тіркелген. Сарбаздар патрульдеу жүргізу барысында жағалаудан шамамен 50 метр қашықтықта шомылуға тыйым салынған жерде суға батып бара жатқан 2 әйел адамды байқаған. Құтқару кезінде әскери қызметшілерге оқиға куәгерлері де көмек көрсеткен.
"Судан қатты жел мен толқынның салдарынан жағалаудан алыстап кеткен анасы мен қызы ес-түссіз күйде жағаға шығарылды. 2012 жылы туған кәмелетке толмаған қыз аман қалды. Өкініштісі сол, 1991 жылы туған әйелді құтқару мүмкін болмады. Оқиға орнына келген жедел медициналық жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын растады", – делінген облыстық ТЖД таратқан мәліметте.
Осы орайда, Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырып отыр. Әсіресе, жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу өмірге үлкен қауіп төндіретінін қатаң ескертеді.
"Азаматтар күн райын жіті бақылап, қатты жел мен толқын кезінде және масаң күйде суға түспеуі қажет", – дейді төтеншеліктер.