Алакөлде жарық жиі өшеді

426

Кәсіпкерлер жиі шығынға батады. 

Алакөлде жарық жиі өшеді Фото: Ашық дереккөзден

Еліміздегі ең ірі демалыс орындарының бірі – Алакөлде шешілмеген мәселе шаш етектен. Әсіресе, жарық жиі өшеді. Демалыс базаларының бәрі тоқпен ғана жұмыс істеп тұрғандықтан, электр желісі көп салмақты көтермейді.

Салдарынан кәсіпкерлердің тұрмыстық техникалары өртеніп, қосымша шығынға батуда.

Алакөл жағасында дәл қазір 260-тай демалыс үйі бар. Мұнда жеке электр желісі тартылмағандықтан, кәсіпкерлер жарықты жақын маңдағы Жарбұлақ ауылынан алып отыр. Тұтынушы күрт көбейгендіктен ол электр желісі шыдас бермей, жарық жиі өшуде. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін таңғы, түскі, кешкі ас беретін уақытта қиын. Қараңғылық басатын жағажай кешкі салқында серуендейтін туристердің де көңілін түсіруде.  Шағын бизнес өкілдері бұл мәселені бұрыннан айтып келе жатырмыз – дейді. Бірақ нәтиже жоқ.

"Бәрі істеліп жатыр, істеліп жатыр, дейді. Бұл енді неше жыл болды істеліп жатқанына, осыны соңына дейін неге шешпейді? Алакөлге статусын беріп, республикалық бюджетке өткізіп, осы бір сұрақты неге шешіп, халыққа неге жұмыс істемеске?! Мұнда бір адам келмейді. Екі адам келмейді. Екі-үш миллион халық келіп демалады ғой", - деді кәсіпкер Құралай Төлеуова.

Жылда жыр болған жарық мәселесі кәсіпкерлерді әбден қажытып жіберген. Жағадағы ел: "айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының" кері болды – деп кейиді. Ал аудан басшылары қолдан келгенді жасап жатырмыз. Тіпті Алакөлдің ар жағындағы "Мәдина" көмір кен орнына баратын тоқты да өшірдік. Бірақ жеке желі тартпай жағдай реттелмейтінін түсініп отырмыз – деді. Сондықтан былтыр "Мақаншы-Көктал" жобасы бойынша 50 шақырым электр желісін тартып бастапты.

"Жобалық сметалық құжат бітті, міне. Тағы да 60 шақырым линия саламыз. Алакөлдің өзіне жеке линия. Келесі жылы басталады. Алты миллиард тұратын жоба. Алакөлде жеке қосалқы станция болады. Соған жұмыс істеп жатырмыз", - деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.

Бұл жоба қаржы бөлінген жағдайда ғана келесі жылы басталып, жыл соңына қарай аяқталмақ. Аудан әкімі орынбасарының өзі осылай – деді. Ал кәсіпкерлер болса жергілікті жердегі билік басындағылардың уәдесіне сенбейді. Алакөлге жеке мәртебе беріп, бар мәселе республика деңгейінде қаралуын қалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу