Абай облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Алакөл көлінде қиын жағдайға тап болған алты адамды, оның ішінде төрт баланы аман-есен жағаға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Мақаншы ауданындағы Аралтөбе аралында болған. Алакөлдегі құтқару станциясына демалушылар тобының жағалауға өздігінен жете алмай жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу аттанды. Жағалаудан шамамен 11 шақырым жерде құтқарушылар алты адамды, оның ішінде төрт баланы тапқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс жағдайға үрлемелі қайықтың аккумуляторының істен шығуы себеп болған. Соның салдарынан демалушылар жағалауға өз күштерімен жете алмаған.
Құтқарушылар қайықтағы азаматтарды қауіпсіз түрде эвакуациялап, жағаға жеткізді. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болған жоқ.