Абай облысының құтқарушылары техникалық ақауға ұшыраған кемедегі демалушыларды, оның ішінде бір баланы жағаға эвакуациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Алакөл көлінің акваториясын профилактикалық патрульдеу кезінде анықталған.
Белгілі болғандай, демалушылар мінген жалға алынған шағын көлемді кеме техникалық ақауға ұшырап, олар өздігінен жағаға орала алмаған.
– ТЖМ қызметкерлері жүзу құралын пайдаланып, төрт адамды, оның ішінде бір баланы жағаға қауіпсіз эвакуациялады. Эвакуацияланғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға суға шығар алдында жүзу құралының техникалық жағдайын міндетті түрде тексеруді, кемені шамадан тыс жүктемеуді, құтқару кеудешесін пайдалануды және ауа райы жағдайын ескеруді еске салды.