Алакөлді абаттандыруға 817 миллион теңге бөлінді

788

Алакөлді абаттандыруға 817 миллион теңге бөлінді

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы Алакөл жағалауын абаттандыруға облыстық бюджеттен 817 млн теңге бөлінді. Бұл туралы ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев Үржар ауданының кәсіпкерлерімен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма басшысының айтуынша, Алакөлге биыл маусым мен қыркүйек айының ортасына дейін "Семей-Шар-Аягөз-Ақтоғай-Жалаңашкөл", "Өскемен-Шар-Аягөз-Ақтоғай-Жалаңашкөл" бағытында пойыздар қатынайтын болады. Бір жаққа жету уақыты 15 сағат болады.

"Алакөл көлінің емдік қасиеттерін зерттеу бойынша кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыстар басталды. Былтырғы алғашқы кезеңнің өзінде 27 микроэлементтер мен емдік газ-радонның бар екендігі анықталған. Зерттеу жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Келешекте емдік процедураларды қосу арқылы демалыс базаларының жұмыс уақытын суға түсу кезеңінен ерте бастап, маусымды біразға дейін созуға болады", - дейді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, көлдің жағалауын абаттандыру бағытында ең үздік ART жобаға конкурс ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, 2018-2019 жылдар аралығында Мақаншыдан Көктал ауылына дейін (52 шақырым) 110 кВт-тық электр желісін тарту жоспарлануда. Cондай-ақ облыстық бюджет есебінен Жалаңашкөлден Қабанбай ауылына дейінгі жолды жөндеу жоспарланып отыр. Жоспарланған 49 шақырым жолдың 25 шақырымы жөнделген, қалған 24 шақырымы биыл шілде айына дейін аяқталады.

Айта кетерлігі, өткен жылы Алакөлді абаттандыруға облыс бюджетінен 500 млн теңге бөлініп, көлдің жағалауын абаттандыру алғаш рет қолға алынған болатын. Одан бөлек полиция және медициналық пункттер салынып, көшелерге 80 бейнебақылау камералары орнатылды.

Айта кетейік, кездесуге облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Амангелді Шегетаев, ШҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің санитарлық-гигиеналық объектілеріне тексеру жүргізу бөлімінің бас маманы Гүлмира Науқанова, облыстық кәсіпкерлікті дамыту "Даму" қорының қаржы агенті Ержан Разбеков қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу