Аламан бәйге жеңімпазы Дияс Жұмаш 13 миллион теңгенің сертификатын алды

1138

Аламан бәйге жеңімпазы Дияс Жұмаш 13 миллион теңгенің сертификатын алды

"ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің аясындағы Атырау облысының Астанадағы мәдени күндері ат жарысымен аяқталды. "Қазанат" ипподромында болған дүбірлі доданың жеңімпаздарына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жүлделерді табыстады, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.

Шабандоздар бәйгенің үш түрі бойынша бақ сынады: 5 шақырымға жорға жарыс, 7 шақырымға құнан бәйге және 21 шақырымдық аламан бәйге. Ат жарысына Қазақстанның әр облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан әр бәйге бойынша үш шабандоздан қатысты. Атырау облысы турнир иесі ретінде 9 тұлпарды жарысқа шығарды.

Жарыс алдында Атырау делегациясының жетекшілері, ат спорты ұлттық құрамасының мүшелері, қазақша күрес, тоғыз құмалақ, асық ойындары бойынша команда мүшелері және бүркітшілер құстарымен, аңшылар тазы, төбеттерімен салтанатты шеру жасады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 16-20 шілде аралығындағы мәдениет күндері бағдарламасы арқылы Атырау аймағы өңір жетістіктерін лайықты көрсете алды.

"ЭКСПО халықаралық көрмесін Қазақстан Астанасында өткізу біздің еліміздің үлкен табысы, мемлекет басшысының орасан зор еңбегі. Мен өскелең ұрпақ үшін ұлттық ойындарды білудің маңызы ерекше екеніне сенімдімін. Сондықтан да Атырау облысының мәдениет күндерін ат бәйгесімен қорытындыладық", - дейді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

21 шақырымдық аламан бәйгеге 62 шабандоз қатысты, нәтижесінде алматылық Дияс Жұмаш мәреге бірінші жетті. Оның "Тосқын" атты тұлпары 2004 жылдан бері жарыстарға қатысып жүр, осы уақыт ішінде 6 жүлделі орын алған. Нұрлан Ноғаев жүлдегерге 13 млн теңгенің сертификатын табыстады. Екінші орын алған астаналық Ербол Замудин – 7 млн теңге, үшінші тұғырдан көрінген павлодарлық Ибрагим Бөбекбай 5 млн теңге иемденді. Төртінші, бесінші орын алған шабандоздарға екі млн теңгеден берілді.

Бір атап өтерлігі - жүлде қоры демеушілер қаржысынан жиналған.

5 км қашықтыққа жорға бәйгеден Айхан Төлегенов, 7 км қашықтыққа құнан бәйгеден Жолаушы Дімұхамбет жеңіске жетті.

"Номад" театрландырылған көрінісі шараның шырайын келтірді. Жамбы ату, қыз қуу, садақ ату секілді ұлттық ойындардан көрініс те көрермен көңілінен шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу